Хитроу әуежайында күтіп отырған жолаушылар Алматыға қарай бүгін ұшып шыға алады - Эйр Астана

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - «Эйр Астана» әуе компаниясының Лондон-Алматы рейсінің жолаушылары Қазақстанға бүгін ұшып шыға алады. Хитроу әуежайы жұмысын қалпына келтірді. Бұл туралы «Эйр Астана» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Жанна Бадаубаева хабарлады.

Хитроу әуежайында  күтіп отырған жолаушылар Алматыға қарай бүгін ұшып шыға алады - Эйр Астана

«Хитроу әуежайында сапар күтіп отырған Лондон-Алматы рейсінің жолаушыларына тоқталатын болсақ, олар отанымызға бүгінгі рейспен жеткізіледі. Жағдай жақсарып, Хитроу әуежайы ашылды», - деді Ж.Бадаубаева.

Әуе компаниясының қызметкері атап өткендей, Алматы-Лондон бағытындағы жолаушылар кеше Ұлыбритания астанасына басқа әуе компаниясы қызметінің көмегімен жеткен екен.

18 желтоқсандағы қолайсыз ауа-райының салдарынан Алматы-Лондон бағытындағы КС 901 рейсімен ұшқан «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағы Хитроу халықаралық әуежайына қона алмай, Ганновер қаласына қонуға мәжбүр болды. Осы рейстің 159 жолаушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, сондай-ақ қонақ үйлерге орналастырылған.