ХІV Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында өзге ұлт өкілдері арасында республикалық «Абай оқулары» байқауы өтеді

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі нің Тіл комитеті  2012 жылғы қыркүйек айында ХІV Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында өзге ұлт өкілдері арасында республикалық «Абай оқулары» байқауын өткізеді.

ХІV Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында өзге ұлт өкілдері арасында республикалық «Абай оқулары» байқауы өтеді

Байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатын көздейді.

ҚазАқпарат байқаудың ережесінің мәтінін таратады.

 

 «Абай оқулары» республикалық байқауының

ЕРЕЖЕСІ

Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсатында 2012 жылғы қыркүйек айында ХІV Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында өзге ұлт өкілдері арасында республикалық «Абай оқулары» байқауын өткізеді.

Байқаудың міндеттері:

1. Қазақ тілінің көркемдік ерекшеліктерін, бай қорын Абай шығармалары арқылы насихаттау;

2. Абай шығармалары негізінде қоғамдық ынты­мақтастықты орнықтыру;

3. Абай шығармалары арқылы көркемсөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру;

4. Абай шығармаларын тіл үйренудің тиімді әдісі ретінде таныту.

Байқау шарттары:

«Абай оқулары» байқауына Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері шақырылады. Әр облыстан және Алматы, Астана қалаларынан көркем сөз оқу мен ән айту шеберліктерін қатар игерген 16 - 30 жас аралығындағы 1 үміткерден қатыса алады.

Байқау үш тапсырмадан тұрады:

1. Көркем сөз оқу шеберлігін айқындау:

- Абай шығармаларын (поэзия, қара сөздері) қазақ тілінде жатқа оқу;

- «Абай жолы» романынан қазақ тілінде жатқа үзінді оқу.

2. Әншілік қабілетін таныту - Абай әндерін немесе қазақ халық әндерін орындау (1 ән).

Байқау екі кезеңде өтеді.

Бірінші кезең - облыстық (қалалық) іріктеу байқаулары (аймақтық байқаудың жеңімпаздары туралы ақпараттар үстіміздегі жылғы тамыздың 20-на дейін Тіл комитетіне жолдануы тиіс);

Екінші кезең - республикалық байқау, Қазақстан халқы тілдері фестивалінің аясында қыркүйек айында өтеді.

Республикалық байқаудың сарапшылары байқауға қатысушыларды алдын-ала тыңдап, сахнадан оқыла­тын өлеңдерін іріктейді.

Үміткерлер өнерін бағалау кезінде:

көркем мәтінді оқу шеберлігіне;

қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеуіне;

ән орындау қабілетіне;

сахналық мәдениетіне назар аударылады.

Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Мекен-жайымыз: 01000, Астана қаласы, «Министрліктер үйі», 15 кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті, «Абай оқулары» республикалық байқауына.

Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-05-01, 74-01-84 (тел/факс 74-05-08); E-mail: ahaeva@mki.kz

Ескерту: бұрынғы республикалық байқаулардың жеңімпаздары биыл өткізілетін байқауларға жіберілмейді.