ХҚҚДБ Жастар корпусы жобасын дамытуға 21,7 млн доллар бөледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасы мен энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларына және жастар корпусын дамытуға арналған бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚҚДБ) арасындағы грант туралы (Жастар корпусын дамыту жобасы) келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.
Жастар корпусы жобасының мақсаты - жастардың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтарының қоғамдық өміріне тартылуын ынталандыру, қоғамдастықтың игілігі жолындағы қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламалары арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту болып табылады. Осыған байланысты Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін Қазақстанға осы келісімде жазылған немесе айтылған тәртіппен 21,7 млн доллар мөлшерінде грант бөледі. Грант Траст қорының қаражатынан қаржыландырылады, оны толықтыру үшін Дүниежүзілік Траст қорының донорынан кезеңдер бойынша жарналар алынып отырады.
Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаевтың айтуынша, қаражат кезең кезеңімен тартылып, ол үш құрамдас бөліктен тұрады. Мәселен, бірінші кезеңде 18 және 29 жас аралығындағы жастардың жобалары қаржыландырылады. Бұған 20 миллион доллар жұмсалады.
Заң жобасы алдағы уақытта өтетін палатаның жалпы отырысына шығарылмақ.