ХҚКО базасында «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халыққа қызмет көрсету орталықтары базасында «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады.

ХҚКО базасында «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы жобасын таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.

«ХҚКО-лар өтінімдер қабылдау және нәтижелерін беруді ғана жүзеге асыра отырып, тек фронт-кеңсе қызметтерін көрсетуде. Әлеуметтік қорғау, жер қатынастары, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу қызметтерін көрсететін басты РМК-ларды қосу арқылы «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру тек қана өтінімдерді қабылдап қана қоймай сонымен бірге оларды өңдеу жұмыстарын да орындауға мүмкіндік береді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының оң тәжірибесін ескере отырып, бірыңғай провайдерді «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» РМК, «Жылжымайтын мүлік орталығы», РМК және «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМК-ні қосыу арқылы ХҚКО-лар базасында құру ұсынылады», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, заң жобасы «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы ұғымын заң жүзінде бекітуді , сондай-ақ «Жер кадастрының ғылыми-өндірістік орталығы» РМК, «Жылжымайтын мүлік орталығы», РМК және «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМК көрсеткен мемлекеттік қызметтерді мемлекеттік корпорацияның көрсетуін, мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін жетілдіруді, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыруды көздейді.