ХҚКО-да «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке қою» қызметі көрсетілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл қызмет Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жыл басында енгізілген. Енді әр жұмыссыз адамның ХҚКО-ға келіп, тіркелуіне және есепке тұруына болады.
Бұл үшін ең аз құжаттар пакеті қажет, жұмысқа тұрғысы келетін жанның өзімен бірге жеке куәлігі пен еңбек кітапшасының болғаны жеткілікті, деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен.
Үміткер сауалнамада қандай білім алғаны, қай тілді білетіндігі, қызығушылықтары және бос уақытында немен айналысатындығы туралы ақпаратты көрсете алады, бұл өз кезегінде жұмыс іздеу үдерісін жеңілдетеді және оның мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл қызметті қалаңыздағы кез келген ХҚКО-дан алуға болады.
Тіркеуге және есепке қоюға күнтізбелік 10 күн кетеді. «Бұрын бұл қызметті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары ғана ұсынатын, енді осы жылдың қаңтар айынан бастап ол ХҚКО-да көрсетілетін болды. Сонымен бірге электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса, қызметті алу үшін электрондық үкімет сайтына жүгінуге болады», - дейді ХҚКО қызметтерін автоматтандыру және ұйымдастыру жөніндегі бас директордың орынбасары Әсемгүл Балташева.
Бұл орайда ХҚКО-ның жыл сайын өз қызметтерінің санын арттырып отыратындығын айта кеткен жөн. Мысалы, биылғы жылы олардың саны 171-ге жетті, ал 2012 жылы Халыққа қызмет көрсету орталықтары барлығы 113 қызмет, ал одан бұрынғы жылы 59 қызмет түрін ғана көрсеткен болатын.