ХҚКО қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді қоғамдық орындарда көрсететін болады

ХҚКО
Фото: Азаматтарға арналған үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) қызметкерлері енді мемлекеттік қызметтерді қоғамдық орындарда көрсететін болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың БҚО бойынша филиалының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Қазақстанның 20 облысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алатын 29 connection point ашылды.

Өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары сауда орталықтары, базарлар, автовокзалдар және банктер сияқты қоғамдық орындарда орналасқан. Соның ішінде Батыс Қазақстан облыстық филиалында төмендегі мекенжайлар бойынша азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алатын 2 connection point ашылды: Орал қаласы, Құрманғазы көшесі, 173/1 «Dom Byta» сауда үйі; Орал қаласы, Исаев көшесі, 2/9 «Московский» сауда үйі.

Connection point азаматтарға электрондық үкімет порталы арқылы қызметтерді өз бетінше алуға көмектеседі. Мұнда клиенттер электронды қолтаңба алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, зейнетақы жинақтары туралы анықтама алу және басқа танымал қызметтерге тапсырыс бере алады.

«Өткен жылы қазақстандықтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 15 миллионнан астам қызмет алған болатын. Біз ірі қалалар мен облыс орталықтарында connection point орнату арқылы жобаны ауқымды етуді ұйғардық. Біз сауда орталықтарын, базарларды, автовокзалдарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, ол жақтарда адам легі көп және азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету үшін біздің қызметкерлерге жүгіну ыңғайлы болады», - деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Айта кету керек, бүгінге дейін сауда орталықтары мен базарлардағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 2 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Қаңтар айындағы ең танымал қызметтердің бірі азаматтық хал актілері туралы мәліметтерді түзетуге өтініш беру болды. Азаматтар «Ұлттық қор - балаларға» бағдарламасына қатысу үшін балалар туралы мәліметтерді қосуға өтініш берген.

Соңғы жаңалықтар