ХҚКО мамандары І топ мүгедектерінің үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсететін болады

Мұндай қызметпен ХҚКО-ларға өз бетімен келуге мүмкіндігі жоқ І топтағы мүгедек азаматтар мемлекеттік қызмет алу мақсатында пайдалана алады.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға бақылау жасау және ХҚКО қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы Бағдат Мусин «мемлекеттік қызмет көрсетудің бекітілген стандарттарына сәйкес мемлекеттік қызметті алу үшін өтінім беруші ХҚКО-на жеке өзі жүгінуге тиіс. Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға бұл талапты орындау дүдәмал болғандықтан мұндай адамдарға ХҚКО-ның қызметкерлері өздері соғатындығын» еске салды.
Бұл үшін мүмкіндігі шектеулі адам мемлекеттік қызмет көрсету қажет болған жағдайда Бірыңғай байланыс орталығына 1414 телефон номері арқылы қоңырау шалып, өзінің деректерін хабарлап, қызмет алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін біліп, өтінім қалдыруы керек. Бұдан кейін клиентпен қолайлы уақыт келісілген соң ХҚКО-ның қызметкері қызмет көрсету үшін оның үйіне барады.
Бұған қоса Б.Мусин биылғы жылдың аяғына дейін дәл осындай қызмет түрі республиканың басқа да қызмет көрсету орталықтары арқылы қолжетімді болатындығын атап көрсетті.