ХҚКО маңында түрлі көмекшілер орталық жұмысына нұқсан келтіріп жатыр - Мәди Саданов
АСТАНА. KAZINFORM – Халыққа қызмет көрсету орталығының маңында жүретін түрлі көмекшілердің қызметін тоқтату мүмкін болмай тұр. Бұл туралы елорда мәслихатындағы қоғамдық тыңдаулар кезінде «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Мәди Саданов айтты.
«Халыққа қызмет көрсету орталығының маңында тегін қызметті ақшаға сататын «помогайкалар», яғни түрлі көмекшілер жүреді. Олар арнайы рұқсатсыз әрі заңсыз әрекеттермен айналысып, орталықтағы бөлімдердің жұмысына кедергі жасап жатыр», - деді М. Саданов.
Оның пайымынша, аталған көмекшілердің іс-қимылы мемлекеттік корпорацияның беделіне нұқсан келтіріп отыр.
«Олардың әрекеті мемлекеттік қызметтердің сапасына теріс әсер етеді және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жағдай жасайды. Филиалдың тиісті өкілеттігі болмағандықтан, бұл адамдарға қатысты ешқандай шара қолдана алмайды. Дегенмен, бұл көмекшілердің заңсыз әрекеттерін анықтау, сондай-ақ тосқауыл қою бойынша Ішкі істер департаментіне және Мемлекеттік кірістер департаментіне бірнеше рет хат жолданды. Қазір аталған мәселе бойынша әлі де ешқандай шешім қабылданбады. Сондықтан осы проблеманың шешімін табуға ықпал жасау керек», - деді филиал директоры.