ХҚКО-ның қатардағы маманы қанша жалақы алады

Корпорацияның сайтында Астана қаласының Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері Саят Омаров өз атқарып отырған қызмет туралы айтты.
«Менің әр күнім ерекше, бірақ менің күнделікті атқаратын жұмысым мен міндетім бар. Менің әр таңым оятқыштың екі қайтара қоңырауымен басталады. Міне, таң да атты. Бүгін де мен әдеттегідей сағат 07:00-де ояндым. Мен таңғы асты жақсылап ішіп аламын, себебі, алдымда қарбалас жұмыс күні күтіп тұр», - деп жазады Саят Омаров.
Оның жұмысы сағат 09-00-дан басталады. Ол автокөліктерді тіркеп, анықтама қағаздарын береді. Тұлғаларды, сенімхаттарды тіркеу қызметін атқарады. Астананың ХҚКО қызметкері күнделікті жұмысы туралы ғана емес, ұзын-сонар кезекте тұрмас үшін орталыққа қай уақытта келу қажеттігін жеткізген.
«Егер ұзын-сонар кезекте тұрмай, жұмысыңызды барынша тезірек бітіріп алғыңыз келсе, бейсенбі күні сағат 17-ден кейін келіңіз. Бұл кезде адам барынша аз болады. (Негізінен, келушілер сенбі, дүйсенбі, сейсенбі күндері сағат 17 шамасында келеді)», - деп жазады Саят Омаров.
Орталықтың Құжаттар қабылдайтын қызметкерінің жалақысы - 75 мың теңге. Бұл туралы аталған корпорацияның Facebook парақшасындағы бос орындар туралы хабарламасынан білуге болады. Бұл қызметке Алматы мен Астана және еліміздің өзге де қалаларында мамандар қажет.