ХОК допингке қарсы жаңа ұйым құрмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Саммитінде Бүкіләлемдік допинг агенттігіне (WADA) допинг тестілеріне жауап беретін жаңа орган ашуды ұсынды.
Бұл туралы Lenta.ru сайтына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
Кездесу барысында көптеген ұсыныстар қаралған және олардың барлығы WADA құрылтайшыларының Глазгода 20-қараша күні өтетін кеңесінде қаралады.
«Басты ұсыныстардың бірі допингке қарсы жүйені қайткенде де спорттан тәуелсіз ету деген мәселені қамтиды»,-делінген мәлімдемеде.
ХОК басшысы Томас Бах ұйым 2018 жылы өтетін Олимпиада ойындарының алдында допинг тестілеріне жауап беретін жаңа органның құрылуын күтетіндігін айтады.
Саммит барысында сонымен қатар дәрігер, бапкер, сияқты спортшылармен жұмыс істейтін өзге де мамандық иелеріне допинг қабылдауға ықпал еткен жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастыру ұсынылды.
31 тамыз күні 17 мемлекеттің допингке қарсы агенттіктерінің басшылары Копенгагенде соңғы уақытта орын алған атышулы оқиғалардан соң аталмыш органды қайта құру жөнінде ұсыныс жасады. Кейінірек британия басылымдары WADA өкілдерінің аталмыш ұйымды өзге ұйыммен ауыстыруы мүмкіндігінен сескеніп отырғандығын жазды.