ХОК Олимпиада ойындарын үнемшілдікпен өткізуді ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) болашақта өткізілетін Олимпиада ойындарымен байланысты 118 реформадан тұратын «Жаңа норма» жобасын таныстырды.

ХОК Олимпиада ойындарын үнемшілдікпен өткізуді ұсынды

Бұл туралы ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ТАСС хабарлайды.

Жоба Пхенчхан қаласында өткен ХОК-тың 132-ші сессиясында таныстырылды. «Жаңа норма» «Олимпиада тәртібі - 2020» ұсынымдарына сәйкес жасалған. Реформаның көпшілігі қалалар Олимпиада және Паралимпиада өткізу барысында миллиондаған доллар қаражат үнемдеп, ХОК тарапынан қолдау табуға бағытталған.

Токиода 2020 жылы өтетін ойындардың ұйымдастырушылары ХОК пен бірігіп жұмыс жасап нәтижесінде 2,2 миллиард доллар үнемдеген.

ХОК мәлімдегендей, ұйымдастырушылар 80 жағдайда қаржы үнемдей алады. Мысал келтіретін болсақ, олимпиада қалашығының көлемін кішірейту, қоғамдық көліктер ретінде бұрыннан қалада жүрген көліктерді пайдалану. Сонымен қатар ХОК бір аренаны спорттың бірнеше түріне  пайдалануды ұсынды.