Хоккей: А.Назаров Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін жалғастырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Андрей Назаров Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін жалғастыратын болды. Мұндай шешім бүгін Қазақстан хоккей федерациясы атқарушы комитетінің қорытынды отырысында қабылданды.
«Отырыс барысында айтылған жайттарды, біздің жаттықтырушылар штабын қалыптастырғанымызды ескеруіміз қажет. Ол бас жаттықтырушы Назаров Андрей Викторұлынан, сонымен қатар жаттықтырушылар штабына кіретін жергілікті мамандар Корешков пен Шаяновтан жасақталған. Бас менеджер келесі Корешков Андрей Генадийұлы. Менде Атқарушы комитет мүшелеріне мынадай ұсыныс бар, 2016-2017 маусымға жаттықтырушылар штабының өкілеттігін ұзарту мәселесін қарау туралы», - деді Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин.
Федерация президентінің бұл ұсынысын Атқарушы комитеттің барлық мүшелері бірауыздан қолдады.
Айта кетерлігі, мұндай шешім Ослода өтетін олимпиадалық іріктеу турнирінің басталуына уақыттың аз қалуына орай қабылданып отыр. Бұл турнир осы жылдың 1-4 қыркүйегі аралығында өтеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жалғыз олимпиадалық жолдама үшін Норвегия, Франция және Италия құрамаларымен күш сынасады.