Хоккей: ӘЧ алғашқы кездесуінде Қазақстан Германияға есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Минскіде өтіп жатқан әлем чемпионатында хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы Германия командасына буллит сериясында есе жіберді, деп хабарлады Қазспорт телеарнасының ресми сайты.
Ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Матчтың 11 минутында есепті қазақстандық құрама ашты. Шайбаның авторы - Андрей Гаврилин.
Артынша германиялық Маттиас Плахта есепті теңестірді. Бұдан кейін екі команда да негізгі уақыт аяқталғанша бір-бірінің осал тұсын таба алмады. Овертаймда да есеп өзгерген жоқ. Тек буллит сериясында Германия құрамасы басымдығын көрсете білді.
Айта кетейік, біздің хоккейшілердің келесі ойыны 11 мамыр күні Беларусь Республикасы командасымен өтеді. Ал 13 мамырда Қазақстан құрамасының қарсыласы Латвия, 14 мамырда - Ресей, 16 мамырда - АҚШ, 17 мамырда -Швейцария, сонымен бірге дәл сол күні Финляндия болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, шайбалы хоккейден әлем чемпионаты кеше Минскіде басталған болатын. Байрақты бәсекеде әлемнің хоккейден үздік құрама командалары бақ сынауда.