Хоккей: астаналық «Барыс» Ресейдің «Витязь» командасын ойсырата ұтты

Таблодағы есеп 2:6 қонақтардың пайдасына шешілді. Кездесу 30 қараша кешке Ресейдің Чехов қаласында өткен болатын. Астаналық клуб пен «Витязь» арасындағы кездесуді барлық жанкүйерлер мен спорт сарапшылары күткен болатын. «Барыстың» сапында биылдан бастап ресейлік команданың бұрынғы ойыншысы Джошуа Грэттон өнер көрсетіп жүр. Алайда жеңісті қазақстандық клубтың қатарынан Дастин Бойдтың үш голы мен Талғат Жайлауовтың, Роман Старченко және Константин Романов салған шайбалары әперді.
«Витязь» командасы астаналықтардың қақпасына тек 2 нәтижелі соққы жіберген.
Бұның алдында аталған екі команда чемпионатта бір-бірімен 8 рет жолыққан. Соның 7-уінде «Барыс» жеңіске жеткен болатын. Осы жеңісінен кейін «Барыстың» ұпайы 43-ке жетіп, ҚХЛ-дің Шығыс конференциясында 4-орында келеді. Ертең отандастарымыз өз алаңында Екатеринбордың «Автомобилисін» қабылдайды.