Хоккей: Астананың «Барысы» буллит сериясында «Югра» командасын ұтты (ФОТО)

Бұл жолы да «Барыс» құрамында көп өзгеріс бола қойған жоқ. Қақпаны Павел Полуэктов қорғаса, Найджел Доустың орнына Роман Старченко шықты.
ҚХЛ телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бірінші болып үшінші минутта бір ойыншысының артықтығын пайдаланып, қонақтар (Денис Горбунов) есеп ашты. Екі минуттан кейін астаналық команда құрамындағы американдық Майк Ландин есепті теңестірді. Бұдан соң «Барыс» екі мәрте «Югра» ойыншысының айдыннан қуылған сәтін пайдалана алмады.
Екінші кезеңде «Югра» (Евгений Орлов) қайтадан алға шықты. Бұдан кейін де қонақтар басымдылық танытып, гол соғатын сәттерін жіберіп алды.
Алма-кезек шабуылмен өткен үшінші кезеңде канадалық Дастин Бойд қақпа бұрышын дәл көздеп, есепті қайта теңестірді. Бұдан кейін астаналықтар бесінші мәрте бір ойыншының басымдылығына ие болғанымен, ол мүмкіндікті де пайдалана алмады. Сөйтіп негізгі уақыт 2:2 есебімен тең аяқталды. Овертайм да нәтиже бермеді.
Буллит сериясында Павел Полуэктов тамаша ойнап, екі мәрте қонақтар соққан шайбаны қайтара білсе, Роман Старченко қақпаны дәл көздеді.
«Барыс» келесі ойынын Астанада 5 қаңтар күні өзінің негізгі қарсыластарының бірі Екатеринбургтің «Автомобилист» командасымен өткізеді.
Айта кетейік, «Барыс» Шығыс конференциясында 66 ұпаймен бұрынғыша жетінші орында келеді.