Хоккей: Астананың «Барысы» Мәскеудің атышулы ЦСКА командасын тізе бүктірді (ФОТО)

Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Андрей Назаровтың шәкірттері ойын тізгінін бірден қолға алды. Екінші минут басталысымен-ақ Роман Савченко қонақтардың қақпашысы Виктор Фасты қапы қалдырды. Жеті минуттан кейін Роман Старченко бір ойыншының артықтығын пайдалаланып, қақпашымен жекедара шығып, бұрышты дәл көздеді. Екінші кезең басы «Барыс» пен ЦСКА-ның шабуылшылары Константин Пушкарев пен Ян Муршактың төбелесімен есте қалды. Сөйтіп екеуі де дөрекілігі үшін төрт минутқа айдыннан қуылды. Екінші кезең соңына таман «Барыстың» ойыншысы Мартен Сен-Пьер есепті 3:0-ге жеткізді. Алайда ЦСКА ойыншылары Сергей Андронов пен Ян Муршак небәрі бір жарым минут ішінде «Барыстың» қақпасына екі гол салып үлгерді.
Үшінші кезеңнің басында «Барыстан» Майк Ландин тағы бір ойыншының артықтығын сәтті пайдаланып, есепті 4:2-ге жеткізді. ЦСКА соңғы минутта Стефан Да Костаның мергендігі арқасында есепті қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді.
Ең бастысы, «Барыс» Череповецтің «Северсталь» командасымен өткен ойындағы қателіктерін қайталамай, ҚХЛ-дың ең мықты клубтарының бірінен тайсалмай, жеңіске деген жігері мен қайсарлықтарын көрсете білді. Астаналықтардың бас бапкері Андрей Назаров өз командасының барлық кездесулерде дәл осылай ойнаса, плей-офф кезеңіне шығу мәселесінің шешілетінін атап көрсетті.
Осы маңызды жеңістен кейін «Барыс» 46 ойыннан кейін 64 ұпай жинап, Шығыс конференциясында жетінші орынға көтерілді. Әйтсе де сегізінші және тоғызыншы орындағы «Автомобилист» (Екатеринбург) пен «Нефтехимик» (Нижнекамск) командаларының да 64-тен ұпайлары бар әрі өткізген ойындары кем (сәйкесінше 44 және 43 ойын). Бұл плей-офф бәсекесіне қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы сегіздікке ену үшін шайқастың алда екендігін көрсетеді. «Барыс» келесі кездесуін Астанада 3 қаңтар күні «Югра» (Ханты-Мансийск) командасымен өткізеді.
Айта кетейік, «Барыстың» тұрақты чемпионат барысында енді 14 ойыны қалса, соның тең жартысын өз айдынында, қалғанын басқа қалаларда өткізеді. Осы кездесулерінде сәтті ойнап, ұпайды көбірек жинаса, басты қарсыластары «Автомобилист» пен «Нефтехимиктен» озуға мүмкіндігі мол. Бұл ретте «Барыс» пен «Нефтехимиктің» арасында Астанада өтетін матч біраз мәселенің басын ашып бермек.