ХОККЕЙ: Астананың «Барысы» Мәскеудің «Динамосын» тізе бүктірді (ФОТО)
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, алғашқы екі кезеңде есеп ашылған жоқ. Шешуші, үшінші кезеңде астаналық команда «Динамо» ойыншыларының тәртіп бұзып, айдыннан қуылғанын тиімді пайдаланып, Майк Ландин есеп ашты. Бірақ кездесу бітуге 3 минут 30 секунд қалғанда, Юусо Хиетанен «Барыс» қақпасын дәл көздеп, таразы басын теңестіріп кетті. Бұдан кейін овертайм ешқандай нәтиже берген жоқ.
Буллит соғуда «Барыс» жеңіске жетіп, екі ұпайға ие болды. Бұл - астаналықтардың биылғы маусымдағы буллит сериясындағы алғашқы жеңісі. Осы ойыннан кейін 51 ұпай жинаған «Барыс» Шығыс конференциясында тоғызыншы орында келеді. Сегізінші сатыдағы Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасынан астаналықтардың төрт ұпайы кем. Бұл - олардың үздік сегіздікке ілігуіне мүмкіндік бар деген сөз.