Хоккей: Астананың «Барысы» овертаймда «Металлург» командасына жол берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасында ойнап жүрген Астананың «Барысы» бүгін өз айдынында Шығыс конференциясында соңғы орында келе жатқан Новокузнецкінің «Металлург» командасын қабылдады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, матчтың екінші кезеңінде Брендан Шиннимин, сосын Роман Савченко мергендік көрсетіп, «Барыс» командасын 2:0 есебімен алға шығарды. Дегенмен үшінші кезеңде қонақтар 52-минутта алты секунд ішінде (Тимур Фаткуллин, Евгений Соловьев) екі гол соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Бұдан кейін астаналықтар да, меймандар да сан басымдылығын пайдалана алмай, кездесу 2:2 есебімен тең аяқталып, овертайм белгіленді. Қосымша таймда Александр Комаристый «Металлург» командасына жеңіс әперіп, көп мүмкіндігін пайдалана алмаған «Барыс» бұл кездесуден небәрі бір ұпай олжалады. Оған қоса команда капитаны Брэндон Боченски ойын барысында жарақат алып қалды.
Дегенмен 90 ұпаймен Шығыс конференциясындағы бесінші орнын сақтап қалған астаналықтар келесі кездесуін өз айдынында 18 ақпан күні Омбының «Авангард» командасымен өткізеді.
Айта кетейік, плей-офтың алғашқы кезеңінде «Барыс» Челябінің «Трактор» командасымен ойнайды. «Трактор» 96 ұпаймен тұрақты чемпионатта астаналықтардан жоғары тұрғандықтан, бастапқы екі матчты өз айдынында өткізеді. Содан кейін сериялық кездесулер Астанада жалғасады.