Хоккей: Астананың «Барысы» плей-офф кезеңіне жолдама алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін Астананың «Барысы» өз айдынында Новосібірдің «Сибирь» командасын овертаймда 2:1 есебімен ұтып, плей-офф кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Хоккей: Астананың «Барысы» плей-офф кезеңіне жолдама алды

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, алдымен 8-минутта қонақтар (Кирилл Воробьев) есеп ашты. Көп ұзамай 14-минутта Дастин Бойд таразы басын теңестірді. Ойын барысында, әсіресе, екінші кезеңде астаналықтар көптеген мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Плей-офф кезеңіне шығу үшін новосібірліктерге ұпай ауадай қажет еді, сондықтан олар да тырысып бақты. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмағаннан кейін белгіленген овертаймда Кевин Даллмэн матч аяқталуға сәл қалғанда, «Сибирь» командасының қақпасын дәл көздеп, «Барысқа» жеңіс әперді.

Осы кездесуден кейін 89 ұпай жинаған «Барыс» Шығыс конференциясында бесінші орында келеді. Сөйтіп қалған матчтардың нәтижесіне қарамастан, Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Белоруссиялық маман Эдуард Замковец жаттықтыратын астаналықтар келесі ойынын 16 ақпан күні өз айдынында Новокузнецкінің «Металлург» командасымен өткізеді. Ал олардың плей-офтағы қарсыласы кейін белгілі болады.