ХОККЕЙ: Астананың «Барысы» Санкт-Петерборда СКА командасынан жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының чемпионатындағы кезекті кездесуін Астананың «Барысы» Санкт-Петерборда жергілікті СКА командасымен өткізіп, 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

ХОККЕЙ: Астананың «Барысы» Санкт-Петерборда СКА командасынан жеңіліп қалды

«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, мұнда зал толы көрермендер үшін бір «қызығы», ойын басталмай жатып, астаналық Дамир Рыспаевтың атақты «төбелесқор» Евгений Артюхинмен қаймықпай жұдырықтасқаны болды. Сөйтіп Д.Рыспаев 10, Е.Артюхин 5 минутқа алаңнан қуылды. Ал шеберлігі мен қақпаны дәл көздеу жөнінен айдын иелері айқын басымдылық танытты. Ойынның бірінші кезеңінде Вадим Шипачев пен Александр Барабановтың голынан кейін СКА 2:0 есебімен алға шықты. Көп ұзамай «Барыстан» Максим Худяков есепті қысқартты. Алайда екінші таймда Алексей Поникаровский мен Илья Ковальчук есепті 4:1-ге жеткізді. Үшінші, соңғы кезеңде айдын иелері (Ярно Коскиранта) тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті. Матч барысында СКА хоккейшілері тарапынан ойын тәртібі бұзылып, басымдылыққа ие болғанымен, астаналықтар оны да пайдалана алмады. Айта кетейік, осыған дейін «Барыс» алты мәрте қатарынан жеңіске жеткен болатын. Қазіргі кезде Андрей Назаровтың командасы 46 ұпаймен жалпы турнир кестесінде 18-інші, Шығыс конференциясында 10-ыншы орында келеді. «Барыс» келесі кездесуін 21 қараша күні Хельсинкиде «Йокерит» командасымен өткізеді.