Хоккей: «Барыс» «Ақ Барыстан» тағы жеңілді

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін Астананың «Барысы» өз айдынында «Ақ Барыс» командасына 2:5 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Бұған дейін соңғы 14 ойынның 12-сінде жеңіліс тауып, плей-оффқа шығатындай мүмкіндікті азайтып алған айдын иелері Шығыс конференциясында көш бастап келе жатқан командамен сынға түсті. Көп ұзамай-ақ қазандықтардың шеберлігі басым екені байқала бастады. 8-минутта Ярослав Косовтың алыстан соққан шайбасы қақпаға еніп кеткенмен, төрешілер оны ойыннан тыс қалды деп, голды есептеген жоқ. Әйтсе де бір минуттай уақыттан кейін «Барыс» ойыншыларының қателігінен соң қақпа алдында жалғыз қалған Антон Ландер есеп ашты. 12-минутта айдын иелерінің шабуылы кезінде Никита Михайлис шайбаны қарсыласқа беріп қойып, соның салдарынан Никита Язьков есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші кезеңде қақпашы Сергей Кудрявцевті швециялық Хенрик Карлссон ауыстырғанымен, «Ақ Барыстан» Роб Клинкхаммер, сосын Станислав Галиев тағы екі голды «Барыстың» қақпасына енгізді. Осының алдында бақандай екі кездесу бойы қарсыластар қақпасының кілтін таба алмай, пұшайман болған астаналықтардан Линден Вей 35-минутта бір голдың авторы атанды.

Үшінші кездесуде астаналықтардың тағы бір қателігінен кейін А.Ландер есепті қайта ұлғайтты. Бұдан кейін қонақтардан бірнеше ойыншы тәртіп бұзып, айдыннан қуылғанымен, айдын иелері оны да пайдалана алмады. Тек ойын бітуге бір минуттай қалғанда, қонақтар өрескел қателесіп, Джеймс Райт қақпашы Александр Шарыченковты алдап өтіп, шайбаны қақпаға бағыттай алды.

«Барыс» бұдан бір айдай уақыт бұрын, 25 қараша күні Қазанда «Ақ Барыстан» 0:2 есебімен ұтылған болатын.

Осылайша, сәтсіздік сериясын жалғастырып келе жатқан «Барыс» командасы 63 ұпаймен Шығыс конференциясында оныншы орынға сырғыды. Яғни плей-офтың ауылы алыстай түсті деген сөз.

Айта кетейік, елордалықтар 29 желтоқсан күні Батыс конференциясында 68 ұпаймен жетінші орында келе жатқан «ХК Сочи» командасын қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар