ХОККЕЙ: «Барыс» «Автомобилист» командасын ұтып, маңызды үш ұпайға ие болды (ФОТО)

Осыған дейін Шығыс конференциясында «Барыс» жетінші орында келе жатса, «Автомобилист» тоғызыншы сатыда еді. Яғни плей-офф бәсекесіне жолдама алу үшін күресіп жүрген командалар үшін бұл ойынның маңызы алабөтен еді.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Андрей Назаровтың шәкірттері ойынды өте қарқынды бастады. Бірақ олар екі ойыншының артықтығын пайдалана алмады. Есесіне бір ойыншысы артық болған кезде «Автомобилист» мұны құр жібермей, Виталий Попов есеп ашты. 14-минутта Анатолий Голышев есепті 2:0-ге жеткізді. Үзіліс кезінде бапкерлері біраз қамшыласа керек, екінші кезеңде «Барыс» хоккейшілері бір минуттың ішінде (Кевин Даллмэн мен Роман Старченко) таразы басын теңестірді. Алайда үшінші голды соға алмады. Өкініштісі, екінші кезең соңында Талғат Жайлауов қатты жарақат алып қалды. Әйтсе де төрешілер осы сәтте қонақтар тарапынан ойын ережесі бұзылды деп есептеген жоқ.
Үшінші, шешуші кезеңде қонақтар (Петр Коукал) 42-минутта тағы алға шықты. Дегенмен осыдан кейін айдын иелері шабуыл қарқынын одан сайын күшейтті. 50-минутта Дастин Бойд есепті теңестірсе, көп ұзамай команда капитаны Брэндон Боченски жеңіс голын соқты. Сөйтіп «Барыс» өзінің тікелей қарсыласынан үш ұпайды жұлып алды.
Астаналықтар 48 ойыннан кейін 69 ұпай жинап, Шығыс конференциясында бұрынғыша жетінші орында келеді. «Барыстан» үш ойыны кем «Нефтехимик» (Нижнекамск) пен «Автомобилистің» сәйкесінше 66 және 64 ұпайлары бар. Демек, бұл - плей-офф бәсекелеріне қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы сегіздікке ілігу үшін айқас әлі жалғасады деген сөз. Енді «Барысқа» өз айдыны ғана емес, сыртта да ұпай жоғалтпау керек. Осы орайда шабуыл шебі ғана емес, қорғанысты да нықтауға тура келеді. Өйткені қорғаныс мықты болмайынша, жеңіске жету қиын.
«Барыс» келесі кездесуін 11 қаңтар күні Тольятти қаласында жергілікті «Лада» командасымен өткізеді. Бұл клуб Шығыс конференциясында 45 ойыннан кейін 56 ұпаймен он бірінші орында келеді.