Хоккей: «Барыс» биылғы маусымды аяқтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың «Барысы» бүгін Омбыда «Авангард» командасынан шешуші, жетінші бәсекеде жеңіліс тауып, Құрлықтық хоккей лигасының келесі кезеңіне өте алмады.

Хоккей: «Барыс» биылғы маусымды аяқтады

Бұл кездесудің бесінші минутында Найджел Доус есеп ашқанымен, сол басымдықты астаналықтар ұстап тұра алмады. Арада бес минут өткенде «Авангардтан» Чад Коларик есепті теңестірсе, 36-минутта айдын иелерін Александр Пережогин алға шығарды. Матч соңына таман есепті теңестірмек болған астаналықтар қақпашыны айдындағы ойыншымен алмастырды. Осыны сәтті пайдаланған Ч.Коларик бос тұрған қақпаны дәл көздеп, есепті 3:1-ге жеткізді. Жеті матчтан тұратын бұл серияда омбылықтар 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Сөйтіп «Барыс» биылғы маусымды аяқтаса, «Авангард» Шығыс конференциясының жартылай финалында Қазанның «Ақ Барысымен» сынға түседі.