Хоккей: «Барыс» екінші айналымда сүрінді

Осы жолы астаналық клубтың xоккейшілері бірінші болып есепті ашты. Алғашқы кезеңнің орта тұсында Брэндон Боченскидің пасынан кейін Найджел Доус қорғаушыларды алдап өтіп, сол қапталдан өзінің "сүйікті" шайбасын соқты. Есеп - 1:0. Екінші кезеңде шайба соғылмаса да, есеп айырмасын ұлғайтуға тамаша мүмкіндіктер болды. Ал үшінші кезеңде "Металлург" екі минуттың ішінде екі бірдей шайба соғып кетті. "Барыс" екі шайбаны да бір ойыншыға кем құрамда жіберіп алды. Дегенмен, астаналық xоккейшілер есепті теңестіре білді. Максим Худяковтың шайбаны домалатып берген пасынан кейін Кори Тривино тура қақпашының қалқанына тигізді. Осы кезде шайба Кошечкиннен асып кетіп, қақпаның сызығына түсетін еді. Алайда Никита Миxайлис оны мұзға жеткізбей, бейсбол битасымен ұрғандай шайбаны қарсыластың қақпасына тоғытты. Есеп - 2:2. Ойынның негізгі уақыты осымен аяқталды.
Овертаймда "Барыста" жеңіс шайбасын соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Найджел Доустың соққысынан кейін шайба қақпаның маңдайшасына да тиген. Алайда Максим Семенов ережені бұзып, айып уақытын өтеуге аттанғанда қарысаластар бір шайбаны соғып кетті. Осылайша, "Металлург" командасы 2:3 есебімен ұтты. Ал жалпы есеп бойынша төрт рет қатарынан жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.
Айта кетейік, плей-оффтың алғашқы айналымында "Барыс" Челябі қаласының "Трактор" командасын жеңген. Алайда екінші айналым - ширек финалда лига чемпионы - "Металлург" командасынан жеңіліп отыр.