Хоккей: «Барыс» Қазанда «Ак Барс» командасымен күш сынасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында елордалық «Барыс» Қазан қаласында «Ак Барс» командасымен күш сынасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: «Барыс» Қазанда «Ак Барс» командасымен күш сынасады

Айдын иелері Шығыс конференциясында 53 ұпаймен төртінші орында тұрса, 40 ұпайы бар «Барыс» жетінші сатыда келеді.

Өткен турда «Ак Барс» Қазанда Челябінің «Тракторын» 5:1 есебімен сүріндірсе, елордалықтар Екатеринбургте өзінің негізгі қарсыластарының бірі «Автомобилисті» ұтқан еді (2:0).

Биылғы маусымда қос команданың екі мәрте жолдары тоқайласты. Қазақстан астанасында 10 қазанда «Ак Барс» елордалық клубты 6:3 есебімен жеңсе, кейін 6 желтоқсанда Юрий Михайлистің шәкірттері Қазанда есе қайтарған еді - 2:1.

Әр конференциядан алғашқы сегіз команда плей-офф бәсекесіне жолдама алатындықтан, Юрий Михайлис шәкірттері үшін бұл кездесу де маңызды болмақ.

«Ак Барс» – «Барыс» матчы Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 22.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» «Автомобилист» командасынан басым түскенін жазған болатынбыз.