Хоккей: «Барыс» «Локомотив» командасын ірі есеппен ұтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында Астананың «Барысы» өз айдынында Ярославльдың «Локомотив» командасын қабылдап, 6:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

«Локомотив» осыған дейін 26 ұпаймен ҚХЛ-дың Батыс конференциясында көш бастап келе жатқан командалардың бірі-тұғын. Мұның алдында «Барыс-Аренадағы» бес матчының төртеуінде ұтылып, көп ұпай жоғалтқан Евгений Корешковтың шәкірттеріне де шегінер жоқ еді. Сондықтан олар бұл кездесуде барын салды. Әсіресе, қазақстандық ойыншы Никита Михайлис сәтті өнер көрсетті. Ол Мартен Сен-Пьердің пасынан кейін 2-минутта есеп ашты. Екінші кезеңде 25-минутта Мэттью Фрэттин есепті 2:0-ге жеткізді. Дегенмен қонақтар (Денис Алексеев) бес минуттан кейін есепті қысқартты. Әйтсе де Роман Савченко есепті қайта ұлғайтты. Ал үшінші кезеңде «Барыс» «Локомотивтің» қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Алдымен тағы да Никита Михайлис, сосын Линден Вей мен команда капитаны Найджел Доус мергендік танытты.

Осылайша, елордалықтар 25 ұпаймен Шығыс конференциясында бесінші орынға көтерілді. «Барыс» келесі алты ойынын сырт айдындарда өткізеді, бұл оңайға соқпасы анық. Бұл сериядағы алғашқы «шайқас» 30 қыркүйек күні Челябі қаласында Шығыс конференциясында 17 ұпаймен оныншы сатыда келе жатқан жергілікті «Трактор» командасымен болмақ.

Соңғы жаңалықтар