Хоккей: «Барыс» Мәскеуде «Динамоға» есе жіберді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Мәскеуде «Динамо» командасымен өткізіп, 3:5 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Бұл кездесу қос команда үшін де маңызды еді. Қоржынында 65 ұпайы бар мәскеуліктер Батыс, ал одан екі ұпайы кем «Барыс» Шығыс конференциясында алтыншы орында тұрған-тұғын.

Ойынды айдын иелері қарқынды бастап, 1-минут өтер-өтпесте Даниил Тарасов есеп ашып, «Динамоны» алға шығарды. Дегенмен Евгений Корешковтың шәкірттері қарап қалған жоқ. 14-минутта Владимир Маркелов таразы басын теңестірді. Ал екінші кезеңде Роман Старченко 29-минутта шайбаны «Динамо» қақпасына дәл бағыттай білді. Өкінішке қарай, 36-минутта қарсы шабуылдан кейін Никита Комаров соққан шайба канадалық қорғаушы Джордон Сауторнның аяғына тиіп, швециялық легионер Хенрик Карлссон қорғаған қақпаға кіріп кетті. Екі минуттан кейін қақпаға жекедара шыққан Д.Тарасов бұрышты дәл көздеп, қос голдың авторы атанды.

Үшінші, шешуші кезеңде 43-минутта канадалық Линден Вейдің пасынан кейін оның отандасы Джеймс Райт есепті қайта теңестірді. Бұдан кейін астаналықтар сан басымдылығын пайдалана алмаса, мәскеуліктер мұндай мүмкіндікті қалт жіберген жоқ. 50-минутта Дмитрий Вишневский есепті 4:3-ке жеткізді. Іле-шала Кевин Даллман өте дөрекі ойнап, бес минутқа командасын қиын жағдайда қалдырды. Елордалықтар қорғанып бақты, тіпті Константин Пушкарев шайбаға өзінің денесін тосты. Бірақ бәрібір қазір «Динамоның» сапында ойнап жүрген, бұрын «Барыстың» намысын қорғаған Дастин Бойд 55-минутта кездесу нүктесін қойды.

Осылайша, «Динамодан» жеңіліс тапқан елордалықтар Мәскеуден құр қол қайтты.

Айта кетейік, «Барыс» алдағы бес бірдей ойынын Астанада өткізеді. Соның алғашқысы 23 желтоқсан күні Шығыс конференциясындағы көш бастаушылардың бірі «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасымен болмақ.

Соңғы жаңалықтар