Хоккей: «Барыс» өз айдынында «Нефтехимиктен» ұтылып қалды

Бұрын «Барысты» баптаған Андрей Назаров жаттықтыратын «Нефтехимик» командасы 76 ұпаймен Шығыс конференциясында үшінші орында тұрса, елордалықтар 63 ұпаймен жетінші сатыға түсіп қалған болатын. Сондықтан бұл кездесудің тартысты өтері анық-ты.
Бірінші кезеңде алдымен «Нефтехимик», содан кейін астаналықтар оңтайлы сәттерді пайдалана алмады. Сөйтіп есеп ашылған жоқ.
Екінші кезең барысында айдын иелері екі рет сан басымдылығын пайдалана алмады. Содан кейін астаналық Павел Акользин шайбадан айырылып қалып, қарымта шабуыл кезінде қақпаға жекедара шыққан Эмиль Галимов Хенрик Карллсоннан айласын асырып кетті.
Үшінші, шешуші кезеңде «Нефтехимиктің» асығы алшысынан түсті. Алдымен 43-минутта Деннис Эверверг мергендік танытты. Сосын «Барыс» хоккейшілері сан басымдылығын пайдаланып, гол соғудың орнына өздері екі мәрте өрескел қателесті. Алдымен Ильдар Шиксатдаров Х.Карллсонмен жекедара шығып, қақпа бұрышын дәл көздеді. Содан кейін Богдан Якимов дәл осындай жағдайда есепті 4:0-ге жеткізді.
Осылайша, азусыздық танытып, жиі қателескен Евгений Корешковтың шәкірттері өз айдынында ірі есеппен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, «Барыс» алдағы ойынын 25 желтоқсан күні Астанада өзімен үзеңгі қағысып келе жатқан «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен өткізеді.