Хоккей: «Барыс» Ригада «Динамо» командасын тізе бүктірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Астананың «Барысы» Ригада жергілікті «Динамо» командасын 3:2 есебімен ұтты.

Хоккей: «Барыс» Ригада «Динамо» командасын тізе бүктірді

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, тартысты өткен кездесуде Найджел Доус есеп ашса, ригалық Каспарс Саулиетис таразы басын теңестірді. Ойынның екінші кезеңі де 1:1 есебімен аяқталды. Бұл жолы «Барыстан» Дастин Бойд, «Динамодан» Гинтс Мейя көзге түсті. Үшінші кезеңде «Барыстың» капитаны Брэндон Боченски жеңіс голын соғып, астаналықтар маңызды үш ұпайға ие болды.

Бұл турда «Барыстың» негізгі қарсыластары да жеңіске жетті. «Автомобилист» Мәскеуде «Спартакты» 4:2 есебімен қапы қалдырса, «Нефтехимик» (Нижнекамск) өз айдынында Минскінің «Динамосын» овертаймда (3:2) ұтып, екі ұпайға қол жеткізді. 58 ойыннан кейін «Автомобилист» 88 ұпаймен Шығыс конференциясында жетінші орынға нық орнықты. Ал 83 ұпайы бар «Барыс» «Нефтехимикпен» сегізінші, тоғызыншы орынды бөлісуде. Енді «Барыстың» тұрақты чемпионатта екі-ақ ойыны қалды. 16 ақпанда Қазанда «Ак Барс», 18 ақпанда Омбыда «Авангардпен» күш сынасады. Бұлардың екеуі де мықты команда екендігін ескерсек, «Барыстың» плей-офф бәсекелеріне қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы сегіздікке ілігуі аса қиынға түседі. Айта кетейік, негізгі қарсыласы «Нефтехимик» 16 ақпанда Тольяттиде «Ладамен», одан кейін 18 ақпанда өз айдынында «Салават Юлаев» (Уфа) командасымен шеберлік байқасады.