Хоккей: «Барыс» Роман Старченкомен келісімшартты ұзартты

«Барыс» хоккей клубы мәлім еткеніндей, біржақты келісім 2 жылға жасалған.
Р.Старченко – Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) құрылғаннан бері «Барыс» сапында өнер көрсетіп келе жатқан бірден-бір ойыншы.
Өткен маусымда плей-офты қосқанда, 33 жастағы шабуылшы 58 матч өткізіп, 35 (18+17) ұпай жинады. ҚХЛ-да оның есебінде 634 ойында барлығы 318 (176+142) ұпай бар.
ҚХЛ-дағы «Барыс» тарихындағы мергендер көшінде Р.Старченко Найджел Доус (217) пен Брэндон Боченскийден (179) кейін үздік үштікті түйіндеп тұр. Оның жаңа маусымда-ақ Б.Боченскийді басып озатындай мүмкіндігі бар.
Р.Старченконың Қазақстан ұлттық құрамасының беделді ойыншыларының бірі екендігі белгілі. Жуырда Халықаралық хоккей федерациясы Қазақстанның әлем чемпионаттарының элиталық дивизионындағы көрсеткіштерін саралай отырып, ең үздік құрамды жария етті. Бұған қақпашы Виталий Еремеев, қорғаушылар Евгений Паладьев пен Алексей Трощинский, шабуылшылар Талғат Жайлауов, Николай Антропов және Евгений Корешков кірді. Федерация сонымен қатар қақпашы Виталий Колесник, қорғаушы Кевин Даллмэн, шабуылшылар Ерлан Сағымбаев пен Роман Старченконың да есімдерін атап өтті.
«Барыс» клубы мұның алдында Антон Некряч, Аркадий Шестаков, Иван Верещагин сынды ойыншылармен келісімшартты ұзартқан болатын.
1 мамыр күні ҚХЛ-да трансферлік терезе ашылып, «Барыстан» бірнеше белді хоккейшінің кеткені белгілі болды. Атап айтқанда, қақпашы Эдди Паскуале мен қорғаушы, әлем чемпионы Атте Охтамаа «Локомотив» (Ярославль) клубының қатарын толықтырса, шабуылшы Корбэн Найт омбылық «Авангардқа» кетті.
Биыл «Барыстан» қол үзген Беларусь маманы Андрей Скабелканың осы «Локомотивтің» тізгінін ұстайтыны айтылуда. Сондықтан елордалық клубқа жаңа бас бапкер мен тыңнан басқа да ойыншылардың келетіні анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Скабелканың «Барыстың» бас бапкері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.