Хоккей: «Барыс» Санкт-Петерборда ойсырай ұтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуін Астананың «Барысы» Санкт-Петерборда СКА командасымен өткізіп, 1:9 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Хоккей: «Барыс» Санкт-Петерборда ойсырай ұтылды

СКА кілең мықты хоккейшілерден жасақталып, ҚХЛ-да жекедара көш бастап келе жатқан команда болғандықтан, бірден ойын тізгінін қолға алды.  5-минутта Николай Прохоркин есеп ашса, бір минут өтпей жатып, Евгений Кетов 2:0-ге жеткізді. Содан кейін Егор Яковлев пен Сергей Плотников мергендік танытып, бірінші кезеңде-ақ СКА 4:0 есебімен алда тұрды.

Ресейлік төрешілердің айдын иелеріне бүйрегі бұратыны осы ойында да көрініп тұрды. Алдымен бірінші кезеңде 11-минутта Линден Вейдің соққан шайбасы Мэттью Фрэттин ойыннан тыс қалды деген себеппен есептелмеді. Ал екінші кезеңде төрешілер Талғат Жайлауов ойыннан тыс қалды деген желеумен дұрыс соғылған голды есептемей тастады.

Үшінші кезеңде айдын иелері қарқынды қайта күшейтті. Алдымен Сергей Калинин көзге түссе, сосын С.Плотников пен Н.Прохоркин тағы бір-бір голдың авторы атанды. Тек осыдан кейін ғана Линден Вейдің пасынан кейін «Барыстың» капитаны Найджел Доус бір ғана шайбаны қарсыластың қақпасына енгізіп, биылғы біріншіліктегі 30-ыншы голын соқты. Бұдан кейін төрешілер ұзақ кеңесіп, Вадим Шипачевтің 57-минутта соққан шайбасын санады. Матч аяқталуға санаулы секундтар қалғанда, атақты ресейлік шабуылшы Илья Ковальчук ойын нүктесін қойды.

Осылайша, астаналықтар бесінші рет қатарынан жеңіліс тапты. Шығыс конференциясында  бесінші орынға сырғыған «Барыс» келесі ойынын 29 қараша күні Ярославль қаласында жергілікті «Локомотивпен» өткізеді. Содан кейін Астанаға оралып, 3 және 5 желтоқсан күндері «Металлург» (Магнитогорск)  пен «Трактор» (Челябі) командаларын қабылдайды.