Хоккей: «Барыс» «Сибирьден» тағы жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуін Астананың «Барысы» Новосібірде жергілікті «Сибирь» командасымен өткізіп, тағы да жеңіліс тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бұл кездесуде айдын иелерінен әуелі Степан Санников есеп ашса, содан кейін Андрей Сигарев 2:0-ге жеткізді. Сосын Талғат Жайлауов пен Антон Сагадеев мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Алайда бірінші кезең аяқталуға санаулы секундтар қалғанда, Андрей Ермаков «Сибирьді» қайтадан алға шығарды.
Матчтың екінші бөлігін астаналықтар сәтті өткізді. Алдымен команда капитаны Найджел Доус, содан соң Линден Вей көзге түсіп, «Барыс» 4:3 есебімен алда тұрды. Алайда үшінші, шешуші кезеңде новосібірліктер үш мәрте сан басымдылығын (гол авторлары - Максим Игнатович, Йонас Энлунд, Патрик Закриссон) пайдаланып, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, елордалықтар биылғы чемпионатта «Сибирьге» төртінші рет есе жіберді. Шығыс конференциясында әзірге төртінші орында келе жатқан Евгений Корешковтың шәкірттері келесі ойынын 25 қараша күні Қазанда Шығыс конференциясында 63 ұпаймен бірінші орында тұрған «Ақ Барыс» командасымен өткізеді. «Барыстың» 27 қараша күнгі қарсыласы, ҚХЛ-дың ең таңдаулы клубы - Санкт-Петербордың СКА командасы. Демек, бұл бәсекелерде ұпай алу аса қиынға түседі.