Хоккей: «Барыс» Сочиде жергілікті клубтан ұтылып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Сочи қаласында жергілікті «Сочи» хоккей клубымен өткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, матч барысында Евгений Корешковтың шәкірттері сәтті өнер көрсете алған жоқ. Бірінші кезеңде айдын иелерінен Михаил Юньков есеп ашты. Содан кейін екінші кезеңде ол тағы бір голын соқты. Осы екі сәтте де «Барыстан» айдында бірінші бестік болды. Яғни команда капитаны Найджел Доус бастаған хоккейшілердің өздері көш бастай алмады. Тіпті сан басымдылығын пайдаланудың орнына, астаналықтар өз қақпасына гол (авторы Кейси Уэллман) өткізіп алды. Бұдан кейін қақпашы Сергей Кудрявцевті швециялық легионер Хенрик Ларссон алмастырды.
Үшінші кезеңде «Сочиден» Сергей Шмелев айдыннан қуылған сәтте Евгений Корешков қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарды. Бұл тәсіл өзін ақтап, Мартен Сен-Пьер есепті 1:3-ке дейін қысқартты. Матч аяқталуға екі минут қалғанда, «Барыс» қақпашының орнына алтыншы ойыншыны шығарып көрді. Алайда бұдан ештеңе шықпады. Соңғы кезеңде емес, астаналықтарға бірден белсенді ойнап, қорғаныста қателіктерге жол бермеу керек еді.
Осылайша, мұның алдында қатарынан бес мәрте ұтылған «Сочи» 3:1 есебімен жеңіске жетті. «Барыс» келесі ойынын 10 қазан күні Омбыда ҚХЛ-да көш бастап келе жатқандардың бірі «Авангард» командасымен өткізеді. Яғни бұл кездесуде елордалықтар ұпай алады деу қиын.