Хоккей: «Барыс» соңғы 14 ойынның 12-сінде жеңіліс тапты

Соның соңғы екеуінде өз айдынында қарсыластарына есе жіберді. 23 желтоқсан күні «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасынан 0:4 есебімен ойсырай жеңілсе, кеше плей-офф бәсекесіне шығу жолындағы негізгі қарсыластарының бірі «Салават Юлаев» (Уфа) клубына да (0:2) еш қайран қыла алмады.
Осы ойыннан кейін қоржынында небәрі 63 ұпайы бар астаналықтар Шығыс конференциясында «Амур» (Хабаровск) командасымен сегізінші-тоғызыншы орындарды бөлісуде. Әйтсе де «Амурдың» үш ойыны кем Сондай-ақ 60 ұпаймен оныншы орында тұрған «Сибирь» (Новосібір) командасы «Барыстан» бір кездесуді кем өткізді. Демек, ол да астаналықтарды қуып жете алады. Әр конференцияда алғашқы сегіз команда плей-офф бәсекелеріне жолдама алатынын ескерсек, мынадай күйімен «Барыстың» оған ілігуі екіталай.
Елордалықтардың бас бапкері, қазақстандық маман Евгений Корешков мұндай сәтсіздіктің себебін команда көшбасшыларынан іздеді. Яғни жеңілістің басты сыры бірінші бестіктің сылбыр ойнауында. Олар үлгі көрсетіп, гол соғудың орнына өз қақпаларына шайба жіберіп алуда. Тіпті «Нефтехимикпен» матчта сан басымдылығы кезінде екі мәрте өрескел қателесіп, Хенрик Карлссонның қақпасына қос бірдей гол өткізіп алды. Команданың «Салават Юлаевпен» ойында да гол соға алмауы шабуыл шебінің азусыздығын көрсетеді. Сондықтан «Барыстың» көшбасшы хоккейшілеріне қатысты шара алынуы мүмкін.
Бәлкім, қара бұлт Е.Корешковтың өзінің де басына төніп тұрған болар, кім біледі. Қалай болғанда да «Барысты» тұйықтан шығару үшін ықпал ету қажет-ақ.
Айта кетейік, «Барыс» алдағы кездесуін 27 желтоқсан күні тағы да өз айдынында Шығыс конференциясында 79 ұпаймен көш бастап келе жатқан «Ақ Барыс» (Қазан) командасымен өткізеді.