Хоккей: «Барыс» сырт айдында «Нефтехимикті» тізе бүктірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуінде Астананың «Барысы» Нижнекамск қаласында жергілікті «Нефтехимик» командасымен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
None
None

Кездесу елордалықтарға оңайға түскен жоқ. Турнир кестесінде 29 ұпаймен жоғары тұрған «Нефтехимик» командасын «Барыстың» бұрынғы бапкері Андрей Назаров жаттықтыратындықтан, оның шәкірттері де жеңіске ұмтылып бақты. Дегенмен матч барысында астаналықтар, әсіресе, команда капитаны Найджел Доус бастаған алғашқы бестік табысты ойын өрнегін көрсете білді. 10-минутта ұшқыр шабуыл кезінде Линден Вейдің пасынан кейін Н.Доус есеп ашты.

Екінші кезеңде «Барыстың» қақпашысы, швециялық Хенрик Ларссон тәртіп бұзғаны үшін ойын соңына дейін айдыннан қуылды. Осындай қиын сәтте оны Сергей Кудрявцев сәтті алмастыра білді. Астаналықтардың есепті ұлғайтатындай мүмкіндіктері болды. Әйтсе де Павел Акользин екі мәрте мүлт кетсе, Талғат Жайлауовтың соққан шайбасы қақпа маңдайшасынан қайтты.

Үшінші кезеңде ешқандай нәтиже шығара алмаған айдын иелері матч бітуге 2 минут қалғанда қақпашысын ойыншымен ауыстырды. Астаналықтар сәтті қорғанып, шайба Н.Доусқа жеткен мезгілде ол бос қалған қақпаны дәл көздеді. Содан кейін мұндай мүмкіндікті Линден Вей де мүлт жіберген жоқ.  

Осылайша, 3:0 есебімен жеңіске жеткен Евгений Корешковтың шәкірттері Шығыс конференциясында 28 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. «Барыс» келесі ойынын 4 қазан, сәрсенбі күні Минскіде жергілікті «Динамо» командасымен өткізеді. «Динамо» небәрі 17 ұпаймен Батыс конференциясында 16-орында келеді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум