Хоккей: «Барыс» сырт айдында «Сибирь» командасын тізе бүктірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчын Новосібірде «Сибирь» командасымен өткізген «Барыс» овертаймда 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сибир» ҚХЛ-да көш соңында келе жатқан клуб болғанымен, бұл ойын астаналықтарға оңайға түскен жоқ.

Ойын тізгінін бірден қолға алған елордалықтар алғашқы болып 4-минутта-ақ есеп ашты. Роман Старченконың көмегімен швециялық шабуылшы Андре Петерссон қақпадан саңылау таба білді.

Әйтсе де айдын иелері екінші кезеңде сан басымдылығын пайдаланып, Дмитрий Саюстов таразы басын теңестіріп кетті.

Ойын барысында «Барыстан» әуелі канадалық шабуылшы Мэттью Фрэттин, содан кейін команда капитаны Брэндон Боченски жарақат алды. Бұл да өз әсерін тигізбей қалған жоқ.

Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталғаннан кейін овертаймда тағы бір канадалық Кертис Валк (нәтижелі пас берген Никита Михайлис) мергендік танытып, «Барысқа» жеңіс әперді.

Осылайша Андрей Скабелканың шәкірттері қатарынан үш мәрте жеңіске қол жеткізіп, 39 ұпаймен ҚХЛ-дың жалпы кестесінде бесінші, Шығыс конференциясында үшінші орынға көтерілді.

«Барысқа» ұпай қорын толықтыра түсуіне мүмкіндік мол. Өйткені алдағы үш кездесуін өз айдынында өткізеді. Алдымен 14 қарашада «Амур» (Хабаровск), 16-сында «Динамо» (Мәскеу), 18-інде «Салават Юлаев» (Уфа) командасын қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын астаналықтардың Шығыс конференциясында төртінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар