Хоккей: «Барыс» тағы да ірі есеппен ұтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» Ярославль қаласында жергілікті «Локомотивпен» өткізіп, 0:5 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Хоккей: «Барыс» тағы да ірі есеппен ұтылды

«Локомотив» ҚХЛ-дағы азулы командалардың бірі екендігі белгілі. Сондықтан айдын иелері бірден шабуылға шығып, «Барысты» тықсырып тастады. Бір минут өте бере Брэндон Козун көзге түссе, 3-минутта Егор Аверин есепті 2:0-ге жеткізді. 15-минутта Егор Фатеев үшінші шайбаны соқты.

Екінші кезеңде Даниил Апальков қос голдың авторы атанып, «Локомотивтің» жеңетініне еш күмән қалдырмады.

Матчтың соңғы бөлігінде есеп өзгерген жоқ.

Осылайша, астаналықтар қатарынан алты ойында жеңіліс тапты. Оның үстіне соңғы үш ойында қарсыластар қақпасына бір ғана шайба енгізуі команданың шабуыл шебі әлсіреп қалғандығын көрсетеді.

Айта кетейік, Шығыс конференциясында  бесінші сатыда тұрған «Барыс» елордаға оралып, 3 желтоқсан күні турнир кестесінде өзін өкшелеп келе жатқан «Металлург» (Магнитогорск), екі күннен кейін «Трактор» (Челябі) командаларын қабылдайды. Содан соң төрт бірдей кездесуін қайтадан сырт айдындарда  өткізеді.