Хоккей: «Барыс» «Йокерит» командасын 4:0 есебімен ұтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» өз айдынында Хельсинкидің «Йокерит» командасымен өткізіп, 4:0 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Хоккей: «Барыс» «Йокерит» командасын 4:0 есебімен ұтты

«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, ҚХЛ-дың жалпы кестесі мен Батыс конференциясында 55 ұпаймен үшінші орында келе жатқан аса мықты командамен кездесуге тастүйін дайындықпен шыққан астаналықтар жинақы да сәтті ойнай білді. Соның дәлеліндей 10-минутта Антон Сагадеевтің пасын пайдаланған қорғаушы Роман Савченко есеп ашты.

Екінші кезеңде команда капитаны Найджел Доусқа кезек келді. 24-минутта Р.Савченко мен Константин Пушкаревтің көмегімен сан басымдылығын пайдаланған Н.Доус биылғы чемпионаттағы өзінің 25-інші голын соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұдан кейін Линден Вей айдыннан қуылып, «Йокерит» бірнеше минут бойы үздіксіз шабуылдап, «Барысқа» қорғанудан басқа амал қалдырмады. Осындай қауіпті тұста қақпашы, швециялық легионер Хенрик Карлссон бастаған айдын иелері қонақтарға тойтарыс бере алды. 31-минутта «Йокериттің» шабуылшысы Петтери Виртанен дөрекі ойнап, айдыннан қуылған сәтте мұндай мүмкіндікті елордалықтар да пайдалана алмады.

Үшінші, шешуші кезеңде «Барыс» командасы ойыншылар алмасу сәтінде қателік жіберіп, Павел Акользин 2 минут айып уақытын өтеді. Іле-шала Артем Лихотниковты фин қорғаушысы Сами Лепистё шалып жығып, айдындағы ойыншылар саны теңесті. Міне, осы сәтте қақпаға жекедара шыққан Талғат Жайлауов мергендік танытып, есепті 3:0-ге жеткізді. 47-минутта Кирилл Полохов айдыннан қуылған кезде де астаналықтар өз қақпасын аман алып қалды. Содан кейін Дмитрий Гурьков тәртіп бұзған кезде «Йокериттің» бас бапкері Юкка Ялонен қақпашы Райан Запольскидің орнына алтыншы ойыншысын шығарды. Жаттықтырушының бұл тәсілі де өз жемісін берген жоқ. Сосын ойыншылар алмасу сәтінде «Барыс» тағы қателік жіберіп, «Йокерит» қақпашының орнына алтыншы ойыншысын шығарды. Дегенмен бұл жолы да елордалықтар өз қақпасын аман сақтады. Әсіресе, Х.Ларссонға рахмет айту керек. Матч аяқталуға бір минуттай уақыт қалғанда, Даррен Диц бос қалған қақпаны дәл көздеп, ойын нүктесін қойды.

Осылайша, ұпай санын 49-ға жеткізген астаналықтар ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында «Авангард» (Омбы), «Нефтехимик» (Нижнекамск) командаларымен 2-4-інші орынды бөлісуде.

Айта кетейік, бұдан бес күн бұрын «Барыс» Хельсинкиде дәл осы «Йокеритті» овертаймда 3:2 есебімен жеңіп кеткен болатын.

Астаналықтар келесі матчын 1 қараша күні «Барыс-Аренада» Братиславаның «Слован» командасымен өткізеді. «Слован» 25 ұпаймен ҚХЛ-дың жалпы кестесінде 24-інші, Батыс конференциясында 12-інші орында келеді. Бірақ ҚХЛ-да өнер көрсететін қай клубтың да оңай шағылатын жаңғақ еместігін ескеру қажет-ақ. Өйткені «Барыстың» азулы командалармен сәтті ойнап, әлсіз саналатын клубтардан күтпеген жерден жеңіліп қалатыны бар.