Хоккей: Қарағандылық «Сарыарқа» Братина кубогының финалында екiншi жеңiсiне қол жеткiздi
Қарағандыда өткен кездесу жергiлiктi команданың жеңiсiмен 3:2 есебiмен аяқталды. Душан Грегор жаттықтыратын қазақстандық ұжым үшiн бұл матч оңай болған жоқ. Алаң иелерi алғашқы кезеңнiң басында шайба өткiзiп алды. "Рубин" хоккейшiсi Денис Сандер қарағандылық команданың қақпашысын 6-минутында қапыда қалдырып кеттi. "Сарыарқа" хоккейшiлерi бiрiншi айналымда оған қарсы жауап голын соға алмай, тынығуға кеттi.
Екiншi айналымда сауатты ойнаған қарсыластар, ұтымды сәттiң бiрiнде өз мүмкiндiктерiн пайдаланып, екiншi голды қақпаға тоғытты. Максим Зюзякиннiң 25-минутта салынған голы "Сарыарқа" жанкүйерлерiнiң жеңiске деген үмiтiн басқандай болды. Дегенмен қарағандылық хоккейшiлер керiсiнше, жiгерлерiн жани түстi. Екiншi айналымның соңғы минуттарында қатарынан екi гол салған олар, жеңiске деген мүмкiндiктi қайта алып бердi. Гол авторлары - Константин Макаров пен Кирилл Лебедев.
Үшiншi кезең тартысқа толы болғанмен, жиырма минуттың iшiнде гол салынған жоқ және ойын овертаймға ұласты. Бiрақ оның өзi ұзаққа созылмады. Олег Ломако Қарағанды хоккейшiлерiне жеңiс әпердi. Осылайша, үш мәрте кездескен "Сарыарқа" мен "Рубин" арасындағы серия 2:1 қарағандылықтардың басымдығымен өтуде. Келесi ойын Қарағандыда 23 сәуiр күнi өтпек.