Хоккей: Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жастар құрамасы Чехияда өтетін әлем чемпионатына қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Элиталық дивизиондағы матчтар Острава және Тршинец қалаларында өтеді.

Медальдар үшін барлығы он команда сынға түседі. Қазақстан құрамасы Финляндия, Швейцария, Швеция және Словакия хоккейшілерімен ойнайды.

Ұлттық олимпиада комитетінен алынған мәліметке қарағанда, Қазақстан жастар құрамасы спорттық жолын 1993 жылы бастады. Дегенмен алғашқы табысқа 1998 жылы қол жетті. Жапонияда өткен дүниежүзілік біріншілікте атақты ойыншы әрі бапкер Борис Александров жаттықтырған хоккейшілер қарсыластарын екі мәрте жеңді. Алдымен Словакияны 5:2 есебімен тізе бүктірді. Содан кейін Канаданы 6:3 есебімен ұтып кетті. Жарыс қорытындысында Канада, Словакия, Германияны артқа қалдырған Қазақстан бесінші орынға ие болды. Сол құрамадан жарқырап шыққан Николай Антропов Америкаға бет алып, НХЛ-да «Торонто Мэйпл Лифс» және «Атланта Трэшерс» клубтарының намысын қорғады.

Қазақстан жастар құрамасы тарихындағы үздік шабуылшы – Сергей Александров. Ол 23 кездесуде 15 шайба соғып, 6 рет нәтижелі пас берді.

Бұл жолы әлемдік турнирге барлығы 27 хоккейші аттанса, соның 17-сі «Снежный Барс» командасынан алынды. Өкінішке қарай, үздік ойыншылардың бірі, шабуылшы Диас Гусейнов жарақатына байланысты жарысқа қатыса алмайтын болды.

Команданы 2012 жылдан бері Сергей Старыгин баптап келеді.

Қазақстан жастар құрамасы алғашқы ойынын 26 желтоқсан күні Швейцариямен өткізеді. Содан кейін 27-сінде Словакиямен, 29-ында Финляндиямен, 30-ында Швециямен айдынға шығады. Бұлардың қай-қайсысы да – мықты қарсыластар. Ширек финалға шығу үшін қазақстандықтарға барын салуға тура келеді. Сағат 20.00-де басталатын матчтарды Qazsport телеарнасы көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар