Хоккей: «Қазцинк-Торпедо» кезекті жеңісімен қуантты
АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Жоғары хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген Өскемен қаласының «Қазцинк-Торпедосы» алтыншы рет жеңіске жетті.
Кеше ол сырт алаңда «ТХК» (Тверь) командасын ұтты. Ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Ал екінші кезеңде «Қазцинк-Торпедоның» хоккейшілері қарсыластар қақпасына екі бірдей шайба соқты. Үшінші кезеңде де Өскемен клубының мерейі үстем болды. Александр Плющев дубль жасап, есепті 3:0-ге дейін жеткізді. Ойынның аяғына дейін «ТХК» командасы есеп айырмасын екі шайбаға қысқартты. Бірақ одан аса алмады. Қорытынды есеп - 3:2. Осылайша, Жоғары хоккей лигасының жаңа маусымын сәтті бастаған «Қазцинк-Торпедо» хоккей командасы алтыншы ойында жеңіске жетіп, тағы үш ұпайға ие болды. Бүгінде Өскеменнің хоккей клубы лиганың жалпы турнирлік кестесінде 17 ұпаймен көш бастап тұр.