Хоккей: ҚХЛ аясындағы ойында «Барыс» Магнитогорскінің «Металлург» командасынан ұтылып қалды
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Құрлықтық хоккей лигасы аясында кеше кешқұрым Астанада өткен ойында астаналық «Барыс» Магнитогорскінің «Металлург» командасынан ұтылып қалды.
Ойынның бірінші кезеңі аяқталуға 30 секунд қалғанда қонақтар шайба салып, есеп ашты. Екінші кезеңнің басында «Металлург» хоккейшілері астаналық команданың қақпасынан саңылау тауып, екінші шайбаны енгізді. Осы арада төрт минут өткеннен кейін қонақтардың серпіген шайбасы тағы да «Барыстың» қақпасынан табылды. Есеп 0:3 болды. Бұл тартысты доданың барысында «Барыс» хоккейшілері қарсыластар қақпасына бір ғана шайба салу мүмкіндігін жүзеге асырды. Негізгі уақыттың қорытындысы бойынша астаналық команда өз айдынында 1:3 есебімен ұтылып қалды.
«Барыс» командасы кезекті ойынын сырт алаңда, 12 қаңтар күні Хабаровскінің «Амур» командасымен өткізеді. Ал 15 қаңтарда астаналық команданың кезекті кездесуі Новосібірде болады. Сондай-ақ «Барыстың» сырт алаңдағы тартысы 17 қаңтарда Новокузнецкінің «Металлург» командасымен аяқталады.