Хоккей: Көкшетаудың «Арлан» командасы тұңғыш рет ел чемпионы атанды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Көкшетаудың «Арлан» хоккей командасы Қазақстан чемпионатының плей-офф сериясындағы 6-шы финалдық кездесуін өз айдынында астаналық «Номад» командасымен өткізіп, 1:0 есеп айырмасымен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалдық ойын болған соң кездесу тартысты өтті. Қос команда да алма кезек шабуылдаумен болды. Алғашқы 20 минутта есеп ашылмады. Ал екінші кезеңде арландықтар ойын тізгінін қолға алып, кездесудің 33:46 минутында Колесников астаналықтардың қақпасына маңызды шайбаны тоғытты. Бұл соғылған гол ойынның тағдырын шешті. Үшінші кезеңде қос команда да таблодағы есеп айырмасын өзгерте алмады. Кездесу қорытындысы 1:0, алаң иелерінің пайдасында.
Бұл арландықтардың плей-офф сериясындағы 4-ші жеңісі. Осылайша плей-офф сериясында 6 ойын өткізіп, 4-уінде жеңіске жеткен арландықтар тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды.
Матчты тамашалауға барған аймақ басшысы Мəлік Мырзалин жерлестерін жеңіспен құттықтап, медальдарын табыс етті.