Хоккей: ҚР Президенті кубогын «Барыс» пен «Югра» сарапқа салады
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы үшін халықаралық турнирдің финалдық ойындары өтеді. Бұл жолы Н.Назарбаевтың кубогын астаналық «Барыс» хоккей клубы мен ресейлік «Югра» (Ханты-Мансийск) командасы сарапқа салады.
Айта кетейік, кеше «Барыстың» хоккейшілері «Витязь» (Подольск) командасын 4:2 есебімен ұтып, финалға шықты. Бұл - астаналық клубтың қатарынан үшінші жеңісі. Оның бүгінгі қарсыласы - «Югра» да бұған дейін «Барысқа» 4:5 (буллит) есебімен жол берген болатын. Алайда «Амур» командасымен өткен соңғы ойында олар 4:1 есебімен жеңіске жетті. Соның арқасында финалға жолдама алды. Ал «Витязь» бен «Амур» үшінші орынға таласып көрмек.
Бүгінгі финалдық ойын Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында кешкі сағат 19:00-де басталады. Оны «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфир арқылы көруге болады.