Хоккей: Негізгі қарсыласының бірі «Нефтехимиктен» жеңілген «Барыс» жағдайын қиындатып алды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Астананың «Барысы» өз айдынында Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасымен маңызды кездесуін өткізді.

Хоккей: Негізгі қарсыласының бірі «Нефтехимиктен» жеңілген «Барыс» жағдайын қиындатып алды (ФОТО)

Плей-офф бәсекелеріне шығуға мүмкіндік беретін Шығыс конференциясында алғашқы сегіздікке ілігу үшін күресіп жүрген қос команда бұл ойында алты ұпай үшін таласты деуге болады. Осының алдында үш мәрте қатарынан жеңілген «Нефтехимикке» шегінер жер жоқ еді. Ал өз айдынындағы өткен матчта Омбының «Авангардынан» ойсырай ұтылған «Барысқа» да үш ұпай ауадай қажет-тін. Сондықтан командалар сақ ойнап, бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде, жалпы ойын барысында «Барыс» хоккейшілері әлденеше рет сан басымдылығына ие болғанымен, оны пайдалана алмады. Есесіне қонақтар мұндай сәтті құр жібермей, Никита Щитов есеп ашты. Үшінші кезеңде айдын иелерінен Кевин Даллмэн таразы басын теңестіргенімен, «Нефтехимик» хоккейшілері қарсы шабуылда «Барыстың» қорғаушыларын қапы қалдырып, Игорь Полыгалов жеңіс голын соғып кетті.

Сөйтіп 2:1 есебімен ұтып кеткен «Нефтехимик» 53 ойыннан кейін 75 ұпай жинап, арман болған сегіздікке жақындай түсті. Ал әзірше жетінші орында тұрған «Барыстың» еншісінде 54 кездесуден кейін 78 ұпай бар. Бұл турда Екатеринбургтің «Автомобилисі» де Магнитогорскіде «Металлургтан» 2:6 есебімен жеңілгенімен, ол 53 ойыннан кейін 77 ұпаймен «Барыстан» сәл қалып, сегізінші сатыда келеді. Яғни Шығыс конференциясында плей-офф кезеңіне қатысуға жол ашатын жетінші, сегізінші орындар үшін тартыс одан сайын шиеленісті деген сөз.

Айта кетейік, астаналықтар 27 қаңтар күні өз айдынында Шығыс конференциясында 10-ыншы сатыда тұрған Челябінің «Тракторын» қабылдаса, Омбыда «Авангард» «Нефтехимикті» сыннан өткізеді. Ал «Автомобилист» сол күні Екатеринбургте Уфаның «Салават Юлаев» командасымен айдынға шығады.
null
null
null
null
null
null