Хоккей: Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысатын ел құрамасы анықталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 6-9 ақпан күндері «Барыс Аренада» өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан хоккей федерациясы мәлім еткеніндей, ел намысын негізінен «Барыс» ойыншылары қорғайды.
Қақпашылар: Хенрик Карлссон, Сергей Кудрявцев, Денис Каратаев (бәрі де – «Барыс»)
Қорғаушылар: Егор Шалапов, Леонид Метальников, Валерий Орехов, Даррен Диц, Джесси Блэкер, Никита Клещенко, Алексей Маклюков (бәрі де – «Барыс»)
Шабуылшылар: Талғат Жайлауов, Никита Михайлис, Кёртис Волк, Егор Петухов, Павел Акользин, Дастин Бойд, Роман Старченко, Аркадий Шестаков, Дмитрий Гурков, Антон Сагадеев, Дмитрий Шевченко (бәрі де – «Барыс), Найджел Доус («Автомобилист»), Евгений Рымарев («Торпедо»).
Ел құрамасын «Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка жаттықтырады.
Қазақстандықтар H тобында Украина, Польша және Нидерланды командаларымен сынға түседі. 6 ақпанда Украинамен, 7-сінде Нидерландымен, 9-ында Польша құрамасымен ойнайды.
2022 жылы Бейжіңде өтетін Олимпиада жолдамасына күресті жалғастыру үшін Қазақстан құрамасы осы топта бірінші орынға ие болуы керек. Іріктеудің финалдық кезеңі 27-30 тамызда Словакия, Латвия және Норвегияда өтеді. Олимпиада ойындарына қатысуға барлығы 46 құрама ниет білдірген.
Қазақстандықтар бұған дейін Олимпиадаға екі мәрте қатысты. 1998 жылы ширек финалға дейін жетіп, үздік сегіздіктің қатарынан көрінсе, 2006 жылы тоғызыншы орынға табан тіреді.