Хоккей: Өскеменнің «Торпедосы» финалдық бәсекелерді бастайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғары хоккей лигасының финалдық ойындары басталады. Өскемен қаласының «Торпедо» хоккей клубы өз алаңында «Динамо» (Мәскеу облысы, Балашиха қаласы) командасын қабылдайды. Финалда қарсыласты төрт рет жеңу керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: Өскеменнің «Торпедосы» финалдық бәсекелерді бастайды

Айта кеткен жөн, іріктеу турнирінің нәтижесі бойынша «Торпедо» 109 ұпаймен (барлығы 50 ойында) оқ бойы озық шығып, чемпионаттың үздігі ретінде танылған болатын. Ал Балашиханың «Динамосы» 97 ұпай жинады. Соның арқасында жалпытурнирлік кестеде 6-шы орында орналасқан еді. Дегенмен, плей-оффта динамолықтар жақсы өнер көрсетіп, тұрақты әрі сенімді ойын өрнегін көрсетті. Олар алдымен «Няфтяникті» (4:2) жолдан тайдырса, ширек финалда «Спутникті» 4:1 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда «Зауралье» командасын тырп еткізбей, 4:0 есебімен ұтқан.

«Торпедо» болса, плей-оффтың алғашқы матчында «Ижстальді» (4:1) оңай жеңіп кетсе, ширек финалда жанкүйерлердің жүйкесін біршама жұқартты. Ол ойында торпедолықтар Санкт-Петербордың «Динамосынан» 4:3 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда «Рубинді» (4:2) ұтты.

Осылайша, кезекті чемпионатта үздік шыққан екі команда «Братина» кубогын сарапқа салып көрмек. 2013 жылы Қарағанды қаласының "Сарыарқа" xоккей клубы да Жоғары xоккей лигасының финалына жеткен болатын. Алайда «Братина» кубогын ала алмады. Дегенмен, келесі чемпионатта қайтадан топ жарып, 2014 жылғы «Братина» кубогының иегері әрі лиганың чемпионы атағына ие болды.