Хоккей: «Торпедо» алғашқы матчта қарсыласына жол берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары xоккей лигасында жартылай финалдың алғашқы матчтарының бірі өтті.

Хоккей: «Торпедо» алғашқы матчта қарсыласына жол берді

Өскемен қаласының "Торпедо" xоккей клубы өз алаңында "Рубин" командасын (РФ, Түмен облысы) қабылдап, овертаймда қарсыласқа жол беріп қойды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл ойынды "қақпашылар текетіресі" деп атауға болады. Себебі үш кезеңнен тұратын 60 минуттық матчтың ішінде xоккейшілер бірде-бір шайба соға алмады. Екі жақта да жақсы мүмкіндіктер болды. Алайда, "Торпедоның" қақпашысы Сергей Кудрявцев те, "Рубиннің" голкипері Денис Франскевич те бір-біріне дес бермей, қорғанысқа тастүйін болды. Сөйтіп, овертаймға дейін жетті. Алайда, қосымша кезеңнің аяқ жағында қарсыластар бір шайбаны соғып кетті. "Торпедоның" қақпашысы Кудрявцев оны да өткізбейтін еді. Бірақ қатты соғылған шайба аяқтың астына түсіп кетті. Осы қарбаласты пайдаланған қарсыластар шайбаны қақпаға тыққылап жіберді. Қорытынды есеп - 0:1.

Осы орайда айта кетер жәйт, "Рубиннің" қақпашысы Денис Франскевич - Қарағанды қаласының тумасы. 2012-2013 жылдары ол қарағандылық "Сарыарқа" командасының сапында өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен болатын. Алайда, Нефтекамск қаласының "Торос" xоккей клубына ұтылды. Осыдан кейін Франскевич бір жыл "Рубинде", бір жыл "Ермакта" ойнап, қайтадан "Рубинге" ауысып барды.

Кешегі ойыннан кейін "Рубин" жалпы есепте бір ұпаймен алға шықты. Лига ережесіне сәйкес, қарсылас команданы төрт рет жеңген команда келесі айналымға шыға алады. Ендігі айналым - финал.