Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы тағы ұтылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бірінші дивизион арасында Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы төртінші кездесуін Словения командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы тағы ұтылып қалды

Біріншілікті қарқынды бастағанымен, осының алдында Италия құрамасынан ойсырай жеңілген Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері жағдайын қиындатып алған болатын. Италия, Қазақстанға қоса Ұлыбритания мен Венгрия құрамалары алты ұпайдан иеленіп, элиталық дивизионға берілер қос жолдама үшін талас қыза түскен-ді.

Турнир барысында небәрі үш ұпайды иеленген Словения құрамасына шегінер жер жоқ еді. Сондықтан олар қазақстандықтармен ойында барын салды. Бірінші кезеңде словениялық Миха Верлич алдымен есеп ашса, содан кейін қазақстандықтардан Егор Петухов таразы басын теңестіріп, Дмитрий Гренц алға шығарды. Алайда көп ұзамай словениялықтардан Ян Урбас есепті теңестірді.

Екінші кезеңде Е.Петуховтың тәртіп бұзуы мұң екен, М.Верлич екінші голын соқты. 38-минутта тағы бір сан басымдылығын пайдаланған словениялық Сабахудин Ковачевич есепті 4:2-ге жеткізді. Дегенмен бір минут өтер-өтпесте Әлихан Әсетов есепті қысқартты. Матчтан кейін Қазақстан құрамасынан осы Ә.Әсетов үздік ойыншы атанды.

Шешуші, үшінші кезеңде қазақстандықтар өз мүмкіндігін пайдалана алмаса, қақпашы Хенрик Карллсонмен жекедара шыққан М.Верлич хет-триктің авторы атанды.

Осылайша 5:3 есебімен жеңіске жеткен словениялықтар да 6 ұпай жинап, қазақстандықтарды басып озды. Осыдан кейін Италия құрамасы ұлыбританиялықтарды жеңсе, олар турнир кестесінде жекедара көш бастайды.

Еске сала кетейік, қазақстандықтар соңғы кездесуін ертең, 28 сәуірде Польша құрамасымен өткізеді. Қос жолдаманың иесі осы күні аяқталады.

Фото: sports.kz