Хоккейден ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойын кестесі белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан жасөспірімдер құрамасының әлем чемпионатының элиталық дивизиондағы ойын кестесі белгілі болды.

Әлем чемпионаты 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында Финляндияда өткізіледі. Қазақстандық хоккейшілер элиталық дивизионда 2003 жылдан кейін алғаш рет қатысып отыр. Былтыр еліміздің жасөспірім хоккейшілері бірінші дивизионда жеңімпаз атанып, үздіктер қатарында бақ сынауға мүмкіндік алды.
Әлем чемпионатына қатысатын құрамалар екі топқа бөлінген. Қазақстандық хоккейшілер В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Швейцария, Чехия, Швеция және Канада. Ойындар Вантаа қаласында болады. Әрбір топтан алғашқы төрт орынға ие болған құрамалар плей-офф сатысына жолдама алады. Ал бесінші орынды місе тұтқан құрамалар элиталық дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін өзара кездеседі.
Қазақстан құрамасының ойын кестесі:
26 сәуір. 18:00. Швейцария - Қазақстан
27 сәуір. 18:00. Қазақстан - Швеция
29 сәуір. 18:00. Чехия - Қазақстан
30 сәуір. 22:00. Қазақстан - Канада
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан 2028 жылғы хоккейден әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді.